ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ
Құрметті қатысушылар!
Алда сіздерді 6 ай бойы жаңа білім, тәжірибе, шабыт сыйлайтын кездесулер мен даму мүмкіндіктері күтеді!
TalpynUp бағдарламасы жай ғана оқу емес. Бұл кәсіпкерлік әлеуетіңізді ашуға, жаңа дағдыларды дамытуға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған маңызды жол.
Біз үлкен өзгерістер шағын, бірақ жүйелі қадамдардан басталатынына сенеміз. Сондықтан білім алып қана қоймай, оны тәжірибеде қолдану, тапсырмаларды орындау және күн сайын өз дамуыңызға уақыт бөлу маңызды.
Сіздің жетістігіңіз өз әрекеттеріңізге байланысты, ал біздің міндетіміз – осы жолда сізге қажетті білім, құралдар мен қолдау көрсету.
1. Оқуды ұйымдастыру
6 ай бойы сіздерге бағдарламаның әр кезеңінде бағыт-бағдар беретін, сұрақтарыңызға жауап беретін және оқу барысында қолдау көрсететін менторлар көмектеседі.
Әр топ үшін жеке чаттар ашылады. Онда сабақ кестесімен танысып, маңызды хабарландыруларды алып, сұрақтарыңызды қойып, басқа қатысушылармен пікір алмаса аласыздар.
Біздің басты қағидамыз – өзара құрмет, қолдау және жағымды орта қалыптастыру. Біз жаңа идеялар мен мүмкіндіктер бірлескен әрекет, ынтымақтастық және тәжірибе алмасу арқылы туындайтынына сенеміз.
2. Білім беру бағдарламасы
6 ай ішінде сіздер кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға, практикалық білім алуға және бизнесті жүргізу дағдыларын жетілдіруге бағытталған 6 оқу модулінен өтесіздер.
Сабақтарды өз саласының кәсіби мамандары, тәжірибелі бизнес-тренерлер жүргізеді. Олар сіздермен өз білімдерін, практикалық құралдарын және нақты тәжірибелерін бөліседі.
Барлық сабақтар мен практикалық сессиялардың жазбалары білім беру платформасына жүктеледі. Сіздер оларды өздеріңізге ыңғайлы уақытта қайта қарап, алған білімдеріңізді бекітіп, менторларға кері байланыс бере аласыздар.
Есіңізде болсын: білім оны өмірде қолдана бастағанда ғана нақты нәтижеге айналады!
3. Шабыттандыратын кездесулер және нетворкинг
Әр 2–3 апта сайын, сейсенбі күндері табысты әйел кәсіпкерлермен және арнайы шақырылған спикерлермен кездесулер өткізіледі.
Бұл кездесулерде сіздер табысқа жету тарихтарын тыңдап, басқа әйелдердің өз мақсаттарына жету жолында қандай қиындықтарға тап болғанын және оларды еңсеру үшін қандай шешімдер қабылдағанын біле аласыздар.
Мұндай кездесулер іскерлік байланыстарыңызды кеңейтуге, пікірлес адамдарды табуға, тәжірибе алмасуға және жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі.
Мүмкін, дәл осы кездесулердің бірі сіздің жаңа идеяңызға, серіктестігіңізге немесе үлкен жетістігіңізге бастау болар!
4. Қорытынды нәтижелерді қорғау
Бағдарлама соңында әр қатысушы 6 ай ішінде қол жеткізген даму нәтижелерін белгіленген үлгі бойынша қысқаша таныстырылым (питчинг) форматында ұсынады.
Сіздер қандай нәтижелерге қол жеткізгендеріңізді, алған білімдеріңізді тәжірибеде қалай қолданғандарыңызды, бизнесіңізде қандай өзгерістер болғанын және алдағы мақсаттарыңызды көрсете аласыздар.
Бұл жай ғана қорытынды тапсырма емес. Бұл – өз жетістіктеріңізді көруге, атқарған жұмысыңызды бағалауға және осы уақыт ішінде қандай жолдан өткеніңізді түсінуге мүмкіндік.
5. Жеке даму есебі
6 айлық бағдарлама қорытындысы бойынша әр қатысушыға жеке даму есебі ұсынылады.
Есепте оқу кезеңіндегі жетістіктеріңіз, өзгерістеріңіз және қол жеткізген нәтижелеріңіз көрсетіледі. Бұл сізге даму динамикасын көруге, мықты тұстарыңызды анықтауға, жаңа мүмкіндіктерді бағалауға және алдағы даму жоспарын құруға көмектеседі.
Біздің мақсатымыз – бағдарлама аяқталған кезде сіздер тек білім алып қана қоймай, нақты нәтижелерге қол жеткізіп, өз күштеріңізге деген сенімділікті арттырып, әрі қарай қай бағытта даму керектігін түсінуіңіз.
Есіңізде болсын: табысқа жету – күнделікті әрекеттің, табандылықтың және өз мүмкіндіктеріңізге деген сенімнің нәтижесі.
Біз бұл жол оңай болады деп уәде бермейміз. Бірақ болашағыңыздың берік негізін бірге қалыптастыру үшін әр қадамыңызда қолдау көрсетуге дайынбыз.
TalpynUp – білім әрекетке, әрекет нәтижеге, ал нәтиже жаңа мүмкіндіктерге айналатын орта!